Super User

Super User

Бейсенбі, 20 Маусым 2024 10:36

Қабылдау ережесі

2024 жылдың 25 маусымынан бастап 2024-2025 оқу жылына талапкерлерді қабылдау басталды.
Құжаттарды қабылдау колледж канцеляриясы арқылы жүргізіледі.
Құжаттар тізімі:
1) құжаттарды қабылдау туралы өтініш;
2) білімі туралы құжаттың түпнұсқасы;
3) 3x4 см көлеміндегі 4 дана фотосурет;
4) № 075-У - медициналық анықтама,
5) жеке басын куәландыратын құжат көшірмесі
Техникалық жұмыстарға байланысты егов.kz электронды үкіметі 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылады. ЭЦҚ міндетті түрде қажет.
Егер 18 ге толмаған жағдайда ата-анаңызды немесе заңды өкіліңіздің ЭЦК, егер 18 ге толған жағдайда өз ЭЦК.
Жұмыс регламенті: *09.00-18.00.*
Сенбі жұмыс күні

Сенбі, 21 Қаңтар 2017 10:28

Колледж жетістігі

Қостанай қаласында өткен Халықаралық «Турнир новичков 2018» сайысында «Градиент» дебат клубының мүшелері «ValarMorgulis» командасының ойыншылары Р-405 Жиенбаев Бахытжан және БК-101 Буреш Елена жүлделі ІІІ орынмен марапатталды. «Градиент» дебат клубы және жетекшісі Г.Абдуллина А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті ректорының алғыс хатымен марапатталды.

  

Колледждің қыздар құрамасы Ақтөбе қаласының кәсіби орта білім беру орындарының студенттері арасындағы «Салауатты өмір спорттан басталады!» атты қыздар арасында волейболдан жүлделі II орынмен марапатталды.

 

Хромтау ауданы күні аясында ұйымдастырылған волейболдан қыздар арасындағы облыстық ашық турнирде колледж құрамасы жүлделі II орынмен марапатталды.

Техникалық және орта кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында өткен ХІХ облыстық Спартакиадасы бағдарламасына сәйкес тоғызқұмалақ жарысында Ақтөбе гуманитарлық колледжі командасы және командаойыншысы Зейнолла Сағадат жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды.

 

Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Ерлер және әйелдер арасындағы облыстық чемпионатта +70 кг салмақ дәрежесінде Женисова Ақбаян ІІ орын, 50 кг салмақ дәрежесінде Аманғосова Жазира ІІІ орынды жеңіп алды.

        

Колледждің ерікті студенттері белсенді еңбектері үшін Қазақстан Республикасының Қызыл Ай қоғамының және Ақтөбе қаласының төтенше жағдайлар басқармасының  алғыс хаттарымен марапатталды.

  

 

      

Халықаралық студенттер күні аясында колледж белсенділері,Мк-305 топ студенті Ділжанова Алтыншаш және Сб-415 топ студенті Құттығия Азат қалалық жастар ресурстық орталығының алғыс хатымен марапатталды.

  

Колледждің «Феномен» КВН командасы республикалық, облыстық, қалалық көңілді тапқырлар ойынында үздік өнер көрсетіп келеді.

       

Жастар жылы аясында ұйымдастырылған «Жас жерлестер» форумы барысында «Жас ұрпақтың рухани адамгершілік тәрбиесі, елдің қолайлы дамуының негізі» секция жұмысына белсене қатысқаны үшін колледж белсенділері  алғыс хатпен марапатталды.

«Nur Otan» партиясының ауыспалы кубогіне арналған Алматы қаласында өткен ХVІІ республикалық пікір-сайыс турниріне белсене қатысқаны үшін Борашева Наргиз және Алиева Арайлым «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасы А.Ғ.Баталовтың алғыс хатымен марапатталды.

 

Ақтөбе қаласында өткен «WorldSkills Kazakstan Aktobe-2019» аймақтық чемпионатының «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзіреттілігі бойынша белсенділік танытып Великанова Александра ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, Аманғос Мадина Астана қаласында өтетін ұлттық чемпионатқа жолдама алды. марапатталды.

  

«Ақберен» әуесқой театры Павлодар қаласында өткен «Ұлы жібек жолындағы кездесу» атты Республикалық театр фестивалінде ІІ орынмен марапатталды.

  

«ҚАЗАҚСТАН ТАЛАНТТАРЫ» шығармашылық дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ұлы Дала Ұрпағымыз» ІІ Халықаралық балалар мен жасөспірімдер байқауында «Көркем сөз» номинациясы бойынша Жолдығали Айсана және «Жас қалам» номинациясы бойынша Дүйсенұлы Досбол бас жүлдені жеңіп алды. 

Сәрсенбі, 24 Қаңтар 2024 09:00

Колледж әкімшілігі

Директор

 Алишева

Жанара

Куандыковна

 

Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары

Ермагамбетова

Камшат

Касымовна

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары 

Түменбаев

Шыңғысхан

Берікұлы

 

Директордың оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары 

Жамекова

Бибигуль

Мустафиевна

Директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары 

Туленгалиева

Махаббат

Галымжановна

Директордың ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасарының м.а. 

Акимова

Гулсара

Мурзагалеевна

 

Директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары 

Умбетбаев

Кайрат

Досжанович

 

Кадр бөлімінің меңгерушісі 

Бағымбаев

Жеңісбек

Ерғазиұлы

Оқу бөлімінің меңгерушісі

                                                             Сатаева

                                                              Айгуль

                                                           Ермековна

Тілдер және математика бөлімінің меңгерушісі

Шаматова

Венера

Куангалиевна 

Директордың өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары

Уалиева

Венера

Отарбаевна

 Жалпы білім беретін пәндер бөлімшесінің меңгерушісі

Сарбасова

Роза

Әбжанқызы

Бастауыш білім беру бөлімі меңгерушісі 

Наменова

Гулсим

Жуматаевна

Мектепке дейінгі тәрбие бөлімі меңгерушісі 

Алпамысова

Толкын

Акмырзаевна

Мәдениет және саз бөлімі меңгерушісі 

Даулекалиева

Гулмирам

Касымовна

 

Жұма, 20 Қаңтар 2023 19:50

Бүгінгі колледж

Заман талабына ілесіп, педагог кадрларды даярлауда облыс пен республика денгейіндегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі - Ақтөбе гуманитарлық колледжі.

          Республикамыздағы бай тарихы мен дәстүрі бар, оқу ағарту саласындағы көрнекті тұлғалар білім алған, іргелі оқу орны Ақтөбе гуманитарлық колледжі 1909 жылы төртжылдық қалалық училище жанынан педкласс болып ашылды. Бір ғасыр бойы әр кезендерде жаңа  мамандықтар ашылып, колледждің атауы бірнеше рет өзгеріп отырды, бірақ білім беру процесінің негізгі идеясы барлық уақытта өзгеріссіз қалды.

           Тарихи қадамы бір ғасыр, тәжірибеге бай білім шанырағы бірнеше мамандықтар бойынша бәсекеге кабілетті мамандар даярлауда.

         Бүгінгі таңда 01120100 «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», 01140100 «Бастауыш білім берудің педагогикасы мен әдістемесі», 01140200 «Музыкалық білім беру», 01140600 «Негізгі орта білім беруде тіл мен әдебиетті оқытудың педагогикасы мен әдістемесі», 02151000 «Халық көркем шығармашылығы (түрлері бойынша)», 03220100 «Кітапхана ісі» мамандықтары бойынша мамандар дайындап отырған білім ордасы мемлекетімізбен бірге жетіліп, өркендеп, жылдан-жылға даму үстінде. Бүтіндей бір елдің қаншама бірнеше буын ұрпағын тәрбиелеп шығарған киелі қара шаңырақтың ел тарихындағы алатын орны ерекше.

           Ақтөбе гуманитарлық колледжі өзінің білім беру қызметін 2017 жылғы  7 наурыздағы № KZ60LAA00008336 мемлекеттік лицензиясының негізінде, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұйымдастырып жатыр. Ұжымның бірлескен жұмысының нәтижесінде колледж 2019 жылы 6 мамандық және 9 біліктілік бойынша институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден және  2023 жылдың наурыз айында  мемлекеттік аттестаттаудан жоғары денгейде сәтті өтті. 2023 жылдың сәуір айында бәсекеге қабілетті маман дайындаудағы нәтижелі еңбегінің арқасында Ақтөбе гуманитарлық колледжі «Жоғарғы колледжі» статусына ие болды.

 

                                                     

      

Институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өткендігі туралы Сертификаттары

                 Колледжде болашақ маман тәрбиесіне ғұмырын сарпыған, халқының игілігі үшін жанын сала еңбек еткен ұстаздар аз емес. Ұзақ жылдар жемісті қызмет еткен ардагер ұстаздар мен қызметкерлердің еңбектерін мақтанышпен атауға  болады. Атап айтсақ, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары педагогика ғылымдарының кандидаты  Қаңтарбаев Сембай Ерғалиұлы, «Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі»  Ильсия Сабировна Идрисова, Лайық Молдагалиевна Кабылова, Акмарал Маратовна Майлышева,  Бибигул Илесовна Екибасова.  Олар  колледждің оқу бөлімінің  басшылығының тізгінін  қолына алып, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, жемісті еңбек етті және өз кезенінде колледждегі білім беру денгейін көтеруіне және жоғарғы колледж атануына зор еңбектерін  сіңірді. Атап айтсақ, Қаңтарбаев Сембай Ерғалиұлы, 1957-1961 жылдары Ақтөбе педагогика училищесінде «Бастауыш мектеп мұғалімі» деген мамандыққа ие болған түлектердің бірі. Педагогика училищесіне педагогика, психология пәні бойынша 1970 жылы мұғалім болып орналасты. 18 жыл бойы осы білім ордасында жұмыс жасап, мектеп бөлімінің меңгерушісі, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.   90-шы жылдарда қазақ тілі мен республикадағы өзге ұлт тілдерін дамытудың 2000-жылдарға дейінгі мемлекттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін , колледжде орыс, қазақ тілін, қазақ мектептерінде шет тілдерді оқыту мақсатында , қосымша мамандықтар ретінде қазақ, ағылшын, неміс тілдері мамандарын даярлау ісі қолға алынды. Бұл жаңа іске қозғаушы болған – директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 90-шы жылдары қызметін атқарған И.С.Ідірісова. 2000 жылдарда Қабылова Лайық Молдағалиқызы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған уақыттында гуманитарлық колледждің дамуына орасан зор үлесін қосты. Осы жылдарда колледжде заман талабына сай жаңа мамандықтар ашылды. Облысымыздың мамандарға деген сұранысына сәйкес 2005 жылдан бастап «Қазақ тілі және әдебиет», «Шетел тілі», «Математика», «Музыка білім беру», «Кітапхана ісі», «Технология», «Есептеу техникасы мен автоматтандырылған жүйелерді бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандықтарға алғашқы талапкерлер қабылдана бастады.  Осыған қоса колледжде білім сапасын арттыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. 2010-2012 жылдар аралығында Майлышева Акмарал Маратовна «Сапаны Тәуелсіз Бағалау» сынағын өте жоғары деңгейге көтерді. 2011 жылы колледж түлектері «Облыстың ең үздік колледжі» атағын жеңіп алды және облыс Әкімінің грантын иеленді.

          Бүгінгі таңда Қазақстанда білім деңгейі мен сапасына жаңа талаптар қойылуда. Соңғы жылдары жүргізіліп жатқан білім беру саласындағы реформалар білім беру деңгейі мен сапасына жаңа талаптар қояды және қазақстандық білім беру сапасының әлемдік стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуді талап етеді. 2021 жылдан бастап оқу процесіне академиялық еркіндік енгізіліп, колледж педагогтары жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып, колледждің өз оқу бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік алды.

 

                                                                  

                                                     Оқу бөлімі                                                                                                                                                               ЖОББ №20  мектепте  оқу жұмыс                

                                                                                                                                           жоспарларын талқылау сәті

                                                                                                           

                                                                                                                     Қала  балабақшаларының әдіскерлерімен кеңесу сәті

Колледж оқытушылары халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі ғылыми конференцияларға, түрлі конкурстарға, пәндік және педагогикалық олимпиадаларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.

Жыл сайын колледждің білім алушылар  контингенті де артуда. Бұл - оқу орнының өз қызметін жүзеге асырудағы маңызды көрсеткіші болып табылады.

 

                                                          

 

Колледж ұжымы заманауи үдерістерге үн қосып, республика деңгейіндегі жобаларды оқу процесіне енгізу арқылы болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін қамтамасыз етіп, рухани-адамгершілік құндылықтар аясында тәрбиелеуге ерекше назар аударады. Бүгінгі күні мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген кемел мінезді, ойы, сөзі және ісі бірлікте болатын маман дайындау  – колледжідің басты ұстанымы. 

Жұма, 20 Қаңтар 2023 19:19

Колледж тарихы

Бүгінгі күні ғасырлық тарихы бар Ақтөбе гуманитарлық колледжі- еліміздің батыс аймағын педагог кадрлармен қамтамасыз етіп отырған білім ордасы.

      Білімнің қара шаңырағына айналған бұл оқу орнының өткен тарихи жолына шолу жасайтын болсақ, оның өміршең істері, өнегелі бастамаларына тоқталмау мүмкін емес. Талай ұрпақтың келешегіне кең жол ашқан, алтын бесік ұясы болған, гуманитарлық колледждің ел тарихында елеулі де айрықша орны бар.

        Тарих беттерін парақтасақ, 1909  жылы Ақтөбедегі төрт жылдық қалалық училище жанынан педкласс ұйымдастырылады. Бір жылдан кейін екі жылдық педкурс ретінде жұмыс жасай бастайды. Оның алғашқы түлектерінің бірі болған Ұзақбай Құлымбетов - қарапайым ауыл мұғалімінен мемлекеттік дәрежедегі ірі қызметке дейін көтерілген біртуар тұлға.

          1922-1923 оқу жылы қысқа мерзімді педкурстар негізінде педтехникум құрылады. Міне, осы кезден бастап біздің білім ордамыздың Қазақ АССР білім беру жүйесінде тіркелген оқу орны ретіндегі тарихы басталады. Бұл педтехникум сол кезде еліміздегі жалғыз оқу орны еді.

        1922 жылы қараша айында жұмысын бастаған педагогикалық техникум білім алушыларға педагогикалық біліммен қоса ауыл шаруашылығы ғылымының негіздерін де үйреткен, ауыл мұғалімдеріне курстар ұйымдастырған, қазақ қыздарына арнап топ ашқан және «Мұғалім» атты қолжазба журнал шығарған ерекшеліктерімен 1937 жылға дейін тарихта із қалдырған.

                                                                                                                     

    Жүз жылдық тарихтың бастауындағы алғашқы кадр буындарын дайындаған ұстаздарды атар болсақ, тарихтан ойып алар өзіндік орны бар ірі тұлғалар бар: Қ.Жұбанов, Ж.Тілепбергенов, А.А.Афанасьев, А.Н.Казанская, Д.Имашев, М.Дайрабаев, Қ.Қосаев, Р.Сарсенова, А.Екибаев т.б.   

        Ал 1937 жылдан 1994 жылға дейін педагогикалық училище статусымен жұмыс жасаған байырғы оқу орны бүгінгі күнге дейін 40 000-ға жуық кәсіптік орта білімі бар педагог кадрларды дайындап келді. Олар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы түлектер - Кеңес Одағының батырлары: Ідіріс Үргенішбаев, Федор Федорович Озмитель, Қожабай Жазықов; республикаға танымал академик Ахмет Жұбанов, филология ғылымдарының докторы профессорҚазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Рабиға Сыздықова, ақын Бәкір Тәжібаев, жазушы Өтебай Қанахин,  журналистер Кәрім Ержанов, Мұса Дінішев, Смағұл Мұқашев, Ерекеш Бірмановтар. Бұл ірі тұлғалар қатарында ұстаз деген ұлағатты мамандықтың шыңынан көрініп, өз еңбегінің нәтижесімен танымал болған түлектер де аз емес.  

       ХХ ғасырдың жиырмасыншы  жылдары экономика мен мәдениет саласындағы мамандар даярлау, интеллигенция  құру, оларды саяси-идеялық жағынан шынықтыру міндеттері республиканың көкейтесті мәселелері еді. Мұғалімдер семинариясы, педагогикалық үш жылдық курс болып бастау алған оқу орнының  педтехникум негізгі іргетасы болып саналады. 1931 жылдан бастап техникум (училище) 14 жыл  бойы Темір қаласында болды. Ақтөбе педагогикалық техникумы 1931 жылы екіге бөлінді: педтехникумының қазақ бөлімі уақытша  Темір қаласына көшірілді де, украин тілінде оқитын балалар үшін ашылған бөлімшесі  Ақбұлақ  елді мекеніне жіберілді. Өйткені бұл аталған мекен ол кезде   Ақтөбе  облысына қарайтын, ал кейін Ресей қарамағына берілген. 

   1937 жылдары педтехникум педучилище болып өзгертілді. Нәубет жылдары училище оқытушылары мен түлектеріне де ауыр жылдар болып, зиялы азаматтардың көпшілігі қуғын-сүргінге ұшырады. 1945 жылы Ақтөбе облыстық атқару комитеті шешімімен училище Ақтөбе қаласына көшірілді.

     1941 жылдың түлегі белгілі ғалым, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет белгісі» және «Парасат» ордендерінің иегері Рабиға Сыздыкова (Құтқожина) қазақ жұртының мақтанышы болып отыр.

       Педтехникумның алғашқы директоры А.А.Афанасьев болды.  Алғашқы оқу жылында 75 оқушы қабылданып, бір жылдан соң білім алушылардың саны 122-ге  жеткен. Педтехникумда қазақ жетім балалары үшін арнайы жатақхана ашылған, оның директоры болып Фатих Қалиев қызмет етеді.  Педтехникум  мектептердегі әдістемелік  жұмыстарға ықпал етеді. Атап айтсақ,  мектеп мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетіліп, педтехникум жанынан арнаулы курс ашылады. Сол жылдары 9 бөлімнен тұратын  теориялық, әдістемелік бағдарламалары бойынша марксизм-ленинизм қағидаларын, классикалық педагогика идеяларын қамту жұмыстары жүргізілді. Қ.Жұбанов, Ж.Тілепбергенов, А.А.Афанасьев, А.Н.Казанская басшылық еткен «Мұғалім» атты қолжазба журнал бетінде оқу процесін ұйымдастыру туралы мақалалар, Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой, Ы.Алтынсариннің еңбектері, тағы да басқа педагогикалық білім қағидалары жарияланады.

           1937 жылы оқу орны директоры болып Қостанай орыс-қазақ  педтехникумының түлегі, Ақтөбе қалалық  оқу бөлімдерін  басқарған  Бәкір Білеубаев тағайындалады. Бұл оқу жылдарында оқу корпусы болмағандықтан, №8 бастауыш мектептің 2 оқу бөлмесінде оқытылған. 1938-1939 оқу жылында оқу ғимаратының болмауы себепті сабақ тоқтатылып, маман даярлау ісі кедергілерге ұшырайды. Келер оқу жылының тамыз айындағы кеңес шешімімен мамандарды оқыту үшін екі үй бөлінеді. Гарнизон көшесі №31 үйге 30 оқушы, Ленин көшесі №60 үйге оқушылар бөлініп орналастырылған. 1940 жылы тамыз айында педучилище ғимаратының 2, 3-қабаттарының жөндеу жұмыстары аяқталған. 1940 жылдың наурыз айында педтехникум директоры  Алматы облыстық оқу бөлімінің мектеп секторының меңгерушісі болып қызметке ауысады.

     Оқу орнын 1940-1941 жыл аралығында Орал пединститутын бітірген Амантұрлы Екібаев басқарған. Осы уақыт аралығында  оқу-тәрбие жұмыстарында жаңа қарқын пайда болады. Оқу орнында тіл және әдебиет, математика мен физика, тарих, биология-география әдістемелік секциялары құрылады.   Амантұрлы Екібаев алғаш рет училищеде педагогикалық практика арқылы оқушыларды педагогикалық жұмысқа жаттықтыруды ұйымдастырады. 1950-1951 оқу жылында  Отан соғысы жылдарында оқи алмай  қалған жастарға  көмек ретінде  майдан жауынгерлері педучилищеге қабылданады. Оқуға келушілердің ішінде  қазақ балалары аз болады, дегенмен бұл кезеңде оқу орнының білім беру сапасы арта бастайды. Педагогика институтын  аяқтаған мамандар Л.Д.Куцевалова жаратылыстану, химия пәндерінен, Н.Ф.Тюрина математикадан, Г.Н.Ни тарихтан, М.А.Ни орыс тілінен, Хамит Садықов химия мен  жаратылыстанудан, А.Л.Спирина орыс тілі және әдебиетінен, С.В. Кукуруза бейнелеу өнерінен, М. Бақытова қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берген.  Оқу орнында  қоғамдық-саяси, тәрбиелік, тағылымдық іс-шаралар да жаңа қарқынмен жүргізіле бастайды. Пәндік үйірмелер, көркемөнер үйірмелері,  дене шынықтыру, спорт, саяси-идеялық жұмыстар жандана түседі. Осы жылдардағы түлектердің басым көпшілігі орыс тілі, педагогика, КПСС тарихы, Пионер қозғалысы пәндерінен теориялық та, практикалық та жағынан терең білім алғандығын көрсете білді. Мұның дәлелі өз естелігінде Клавдия Николаевна Букина былай дейді: «Мен 14 жастағы науша қыз едім, Карл Либкнехт көшесінде орналасқан шағын ғимарат маған ғылымның ордасындай болып көрінді. Менің алдымнан көптеген жаңалықтар, қызықтар ашылды. Педагогика, психология, логика, сабақ беру методикасы, музыкалық сауаттылық негізі маған ұнады. Математика пәнінің оқытушысы Н.Ф.Тюрина қандай қатаң, талапкер болғанын білемін. Осы кезге дейін есептеу дағдылары есімде сақталды. Орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен Н.М.Халикова сабақ берді. Ол біздің тек сауатты болуымызға қол жеткізіп қоймай, оның үстіне сөзді, әдебиетті сүюге тәрбиеледі. Қалай жақсы маман болуға болады?  Әрине, ең алдымен, білім, еңбекқорлық және жігерлілік қажет екенін санамызға сіңіре білді. Сонымен бірге жас кезіңде жас жүректің жалынын маздататын және ынталандыра алатын да адам керек. Сондай адам  Ни Геннадий Моисеевич болды, ол бізге педагогикадан дәріс оқыды». Көптеген ақтөбеліктердің әлі есінде К.Н.Букинамен қатар оқыған А.М.Перевязко училищеден бастауыш сыныптардың музыка пәні мұғалімі мамандығын алып, өмірінің барлығын оқыған училищесіне оқытушылыққа арнағанын мақтанышпен айтуға болады.

       Қазақ тобын бітірген Қадірбек Көшербаев Ырғыз ауданында мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы т.б. жауапты қызметтерде жұмыстар атқарды. Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі Борандық Досмырзаев естелігінде: «Мен бұл оқу орнын өткен ғасырдың 1954 жылынан білемін... Менің келген кезімде өз істерінің майталмандары, кеңестік жүйенің сынынан өткен білімі терең, тәжірибесі мол ұстаздар Рахила Сәрсенова, Мұхтар Жанғожин, М.А.Ни, Хамит Сыдықов, В.К.Орлова, М.Д.Руднев сынды ұстаздар қызмет жасаған». Борандық Досмырзаев  - ұзақ жылдар тер төккен, педагогика ғылымының қыр-сырын терең таныған ұстаз.

          1958 жылы мектеп бөлімінің жанында қосымша музыка пәнінің мұғалімі мамандығы енгізілді. Осы жылдардағы оқу орнының басшысы Рахила Сәрсенова болатын. Р.Сәрсенова алғашқы күннен бастап-ақ шәкірттердің білім сапасын көтеруге бағытталған жұмыстар жасаған. Бұл жылдардағы бір ерекшелік бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын мамандыққа қосымша мамандық ретінде музыкадан сабақ беретін мамандықты енгізу болды.  

        1959-60 жылдары Ақтөбе педагогикалық училище директоры болып Айғанша Қаратайқызы     Отарбаева тағайындалды. Басшының ұстанған қағидасы «Оқытушы -оқушыны оқыт, сөйтіп, кейіннен кімнен оқуға болатынын білсін». Оқушылардың теориялық білімін практикамен ұштастыруына ерекше көңіл бөлді. Осы жылдары Қазақ ССР-нің үздігі, «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медаль иегері Галина Романовна Мазитова училищеге жұмысқа шақыртылды.  Қазақ ССР-нің оқу үздігі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Зоя Әбілғазықызы Біралова осы жылдары оқу орына жұмысқа келген. Зоя Әбілғазықызы өз естелігінде: «Алдымен шәкірттерімді ана тілін сүюге, оның қасиетін танып, бойларына сіңіруге мән бердім. Ол үшін сабақ берудің әдістемелік жағын жетілдіріп, көрнекіліктер мен қосымша әдебиеттерді тиімді пайдалану бағытында әрдайым ізденіп, оқу-тәрбие жұмысындағы озық тәжірибелерге көңіл бөліп отырдым. Сол ізденіс жолында болашақ мұғалімдердің рухани байлығын арттырып отырудың қажеттілігіне, маңызына көзім жеткендей болды. Бұл бағытта кластан тыс жұмыстардың көмегі мол болды дер едім...» - дейді.

    Сол сияқты Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалім Қибат Қауанова осы оқу орында 36 жыл үздіксіз қызмет атқарған. Қ.Қауанова: «Ұстаздық еңбек еткен тәжірибемде шығарған қорытындым мынау: талантты мұғалім ғана талантты адамды қалыптастырады, себебі, жақсы адам болудың өзі – талант, өнер. Ол үшін мұғалім қаншама өнердің иесі болуы керек? Қанша өнерді оқушыға үйрету керек? Мұндай өнер оқушының жүрегіне қалайша әсер ететінін ойлау қажет. Мен ұстаздық жолымда осы сұрақтарға жауап беруге қызмет жасадым...» - деді.

    Осындай ұстаздардан білім алған түлектер Өтеген-тана Әнуар Жұмағалиұлы Ресейдің Нижний Тагил пединститутының көркем сурет факультетін бітіріп, графика өнерінің акварель, линогравюра тәрізді түрімен айналысады, Бүкілодақтық республика деңгейінде танымал болған суретші.

    В.Ж.Жоламанов  - комсомол, партия, совет органдарында жауапты қызмет атқарған түлек.

      Н.А.Исмурзина - педагогикалық училищенің танымал түлектерінің бірі, мектеп мұғалімі, мектеп-интернат директоры, Мұғалжар аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының бастауыш сынып мұғалімдерін қайта даярлау кабинетінің меңгерушісі, облыстық оқу бөлімінің бас маманы, облыстық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары, республикалық дарынды балалар  департаментінің бас маманы қызметтерін биік деңгейде, үлкен жауапкершілікпен атқарған, Қазақ ССР оқу ісінің үздігі.

        Бастауыш сынып мұғалімі және музыка мамандығын игерген түлектер В.В.Вивчарский, В.А.Фогель, И.Сажен, И.Г.Райман, Н.А.Аршинова, С.Н. Петрова өз оқу орындарында абыроймен жұмыс жасады.

       Педагогикалық училищені 1975-78 оқу жылдар аралығында басқарған Мария Ғизатқызы Құрманғалиева 1976 жылы Қазақ педтехникумының құрылуының 50 жылдығын атап өтуді ұйымдастырды. Қазақ ССР Жоғарғы Совет президиумының  шешімімен Ақтөбе педагогикалық училищесі Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Мақтау қағазымен марапатталды.

    Қалдығұлова Сәния Мұсақызы - осы жылдардағы училище түлегі. Ол кәсіби еңбегін мектепте аға пионер вожатыйлығынан бастап, мектеп мұғалімі, мектеп директоры, Қазақстан Республикасы парламент депутаты деңгейіне дейін көтерілген қоғам қайраткері.

    1979 жылы 12 қаңтарда Қазақ ССР оқу министрлігі Ақтөбе педагогикалық училище директоры етіп Ниетжан Беріковты тағайындады. Н.Беріков Ақтөбе мұғалімдер институтын, Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Байғанин аудандық атқару комитетінің секретары, Байғанин аудандық оқу бөлімінің инспекторы, аудандық комсомол комитетінің секретары, Жарқамыс мектеп директоры,  аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Ақтөбе облыстық оқу бөлімінің басшысы, Ақтөбе облыстық атқару комитетінің хатшысы  лауазымдарын атқарған. «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Бүкілодақтық мұғалімдердің ІІ съезінің, Бүкілодақтық Кәсіподақ ХV съезінің делегаты, КСРО және Қазақ ССР оқу ісінің үздігі, республикада, облыста белгілі қызметкер Ниетжан Берікұлы - тәжірибесі мол, терең білімді маман. Училищеде ерекше табандылықпен оқу тәжірибесіне жаңалықты, прогрессивтік идеяларды, инновациялық–методикалық жаңалықтарды ендіруді, соларды меңгеруді іскерлікпен жүзеге асырды. Н.Беріков оқытуда материалды құрғақ жаттатуға қарсы болды. 1986-1987 оқу жылдарының қорытындысы бойынша  Қазақстандағы педагогикалық училищелері арасында  Ақтөбе педучилищесі бірінші орын алды. Оқу орнындағы 3 мамандық саны  4 мамандыққа жетті. Бұрын бір ғана мамандық қазақ тілінде оқытылса, енді барлық мамандық мемлекеттік тілде оқытылатын болды.

    Ақтөбе педучилищесін 1988-1991 жылдар аралығында Жолдас Жалғасбаев басқарды. Ол облкомпартияның партия кабинетінің меңгерушісі болып жұмыс жасаған, тарих пәнінің мұғалімі болатын.

       1997 жылы оқу орындарын  оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасының Білім және мәдениет министрлігі 1950 жылы құрылған Ақтөбе  мәдени-ағарту училищесін  Ақтөбе педагогикалық училищесіне қосып, оқу орны алдымен педагогикалық колледжі, кейін Ақтөбе гуманитарлық колледжі  статусына ие болды. 

        1991-1997 жылдар аралығында колледж директоры болып Ерболат Бердіқұлұлы Игіліков тағайындалды. Ол Қызылорда педагогикалық институтының түлегі, физика- математика пәндерінің маманы. Ақтөбе облыстық атқару комитеті нұсқаушысы, Ақтөбе жоғары ұшқыштар училищесінде партия бюросының хатшысы қызметтерінде жасаған. Училищені басқарған жылдарында ол республикалық аттестаттаудан өту үшін күшін салды.  Осы жылдары электронды есептеу техникасы алынып, компьютерлік класс ашылды, тілге байланысты жаңадан мамандықтар қосылды. Ақтөбе педагогикалық колледжі атануы үшін Е.Б.Игіліковтің еңбегі ерекше болды.

1992 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесі 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Оқу орнының  осы мерейтойы кезінде 16 оқытушының еңбегі ерекше аталып, «Қазақстан Республикасының білім беру үздігі» төсбелгісі тапсырылды. Қ.Жұмалин мен А.Ильичев  Ы. Алтынсарин атындағы медальмен марапатталды.

         1997-2002 жылға дейін колледж басшысы болып Теміржан Ғайниұлы Бурин тағайындалды. Осы жылдары колледждің 75 жылдық мерейтойы  аталып өтті. Сонымен қатар оқу орнының тарихынан сыр шертетін «Өміріміздің кезеңдері. Страницы нашей жизни» атты брошюра жарық көрді.1997 жылы мерейтойда 11 оқытушы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен және колледжі әдістемелік бөлім меңгерушісі Айша Базарбайқызы Базарбаева  Ы.Алтынсарин атындағы медальмен  марапатталды.

           Осы жерде оқу орнында еңбек ете жүріп, өзінің саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған ардагер ұстаздарды атамай кетуге болмайды: З.Н.Агибалова, Н.А.Аршинова, Қ.Қ.Ержанова, Д.Т.Өтегенова, К.Б.Батырова, Е.С.Ідірісова, С.Т.Тұрмұханбетова, Б.И.Құдабаева, С.Л.Пак, Қ.Ғ.Жамалова, Ж.Сисенбина, А.М.Халикова, Л.В.Суханова, А.Т.Альмурзаева, Н.А.Ахмадиева, Н.Нургазина, Н.Аскарова, В.Л.Вивчарский, В.С.Семченков, Н.ВДанилова, Қ.Айманов, Б.Ж.Болатова, В.Е.Сидоренко, Н.И.Сидоренко, Н.Н.Сидорова, М.Қапизов, Е.Г.Ерғалиев, Г.Сағынова, Л.В.Тен, А.Г.Аюпова, А.М.Перевязко, К.Саламатина, Т.Б.Бимагамбетов, В.Т.Деревязкина, Т.Г.Вятякова т.б.

            Сондай -ақ, 1937 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесінде сырттай оқу бөлімі құрылып, оған басшылық еткен А.Б.Сатжанова, Б.Б.Бисембина, Қ.Ә.Әлжанова, Н.Н.Алексеевич, М.А.Ни, Ж.Лепесов (1939-1954 ж), Т.Б.Бимағанбетов, Т.Д.Ящук (1954-1988 ж), «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі иегері Өтегенова Дина Төлебайқызының (1988-1999 ж)  мамандар даярлауда үлесі зор болды.

           2002-2007 жылдары колледж директоры болып Бердібек Өлмесеков тағайындалып, өтпелі кезеңде колледж үшін проблема болған нарықтық қоғам ұсынған мәселелерді шешуде елеулі үлес қосты.       

           2007-2009 жылдар аралығында колледж басшысы болып Әкімгерей Қадірбекұлы Көшербаев қызмет атқарды. Осы жылдары колледждің 85 жылдығы республикалық деңгейде атап өтілді.

     2009-2012 оқу жылдары оқу орнын Зейнолла Кемейдоллаұлы Төлеубай басқарды. Ол болашақ мамандарды  дайындау сапасына көңіл бөлді, сол жылдары түлектердің жұмысқа орналасуы жоғарғы көрсеткіш көрсетті.

          Ақтөбе гуманитарлық колледжін 2012-2022 оқу жылдары Ералы Губаевич Нургалиев басқарды. Е.Нургалиев студенттердің білім сапасын көтеруге назар аудара отырып, колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бар күшін салды. Химия, физика, мультимедиялық кабинеттерді жабдықтаумен қатар, атаулы кабинеттер-Ысқақ Райымбергенов, Әбіш Кекілбаев кабинеттері ашылды. Көп жылдық еңбегінің нәтижесінде спорт, акт залдары мен асханасы бар қосымша ғимарат құрылысы басталды.

Осы  жылдары бірқатар оқытушылар ведомствалық марапаттарды иеленді. Атап айтсақ, 2014 жылы колледж басшысы Ералы Губаевич Нургалиев «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», 2016  жылы қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің оқытушысы Бибигуль Мустафиевна Жамекова «Ы.Алтынсарин төсбелгісі», 2021 жылы «Мейірім - әлемге махаббатпен» медалі,  2017 жылы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Бибигул Илесовна Екибасова «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», 2022 жылы қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің оқытушысы Ардак Тугельевна Калиева «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, 2022 жылы қазақ тілі және  әдебиеті пәндерінің оқытушысы Ляззат Танатаровна Балгазиева «Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломымен марапатталды.      

        Колледждің аралас хор ұжымы /жетекшісі М.Куспанов/ оқу орнының, облысымыздың мәртебесін халықаралық деңгейге көтерді.

         Қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы Жайнагүл Мұстафақызы Адилова республикалық «Үздік педагог-2020» атағын иеленді.

     Осы жылы облыс әкімінің бекіткен «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» атағын колледжі директоры Ералы Губаевич Нургалиев иеленді.

          Спортзал, 500 орындық актзалы, 150 орындық асхана құрылысы аяқталып, қолдану үшін іске қосылды. Оқу жылын қорытындылау үшін «Ұстаз. Жастар. Болашақ» фестивалін өткізу, оқытушылардың мәртебесін көтеру мақсатында «Ақтөбе гуманитарлық колледжінің Жыл адамы» байқауларын өткізу туралы директордың бастамалары бүгінде үрдіске айналып отыр.

      Алғаш рет колледж студенттері «Worldskills Kazakhstan-2021» Республикалық VI кәсіби шеберлік чемпионатына  үш құзіреттілік бойынша қатысып, «Музыкалық білім беру» құзыреттілігі бойынша Жусупова Мейрамкуль Мейрхановнаның жетекшілігімен  «СБ-405» - топ студенті Нәбиева Назкен Қадырбекқызы  І орынды жеңіп алды.   

       2022 жылдың ақпан айынан бастап Ақтөбе гуманитарлық колледжін экономика ғылымдарының кандидаты Алишева Жанара Куандыковна басқарып келеді. Жанара Куандыковнаның ұйымдастыруымен 13 оқытушы Сингапур білім беру технологиясы бойынша және бірнеше оқытушы БАӘ, Түркия, Өзбекстан Республикасынан тағылымдамадан өтті.

          Астана қаласының "EXPO" халықаралық көрме орталығының алаңында өткен "WorldSkills Kazakhstan 2022" республикалық чемпионатының қорытындысы бойынша біздің колледж студенті Бөлебаева Ақторғын "Бастауыш білім беру" құзыреттілігі бойынша "Үздік маман"номинациясын жеңіп алды.

     Бүгін біздің ұжым мен студенттер өздерінің төл оқу орны - колледждің ғасырлық мерейтойын шынайы ықыласпен  қарсы алады.

         Барлық ұжым мүшелеріне, студенттер мен түлектерге егемен еліміздің игілігі мен өркендеуі үшін жасап жатқан игі істері Ақтөбе гуманитарлық колледжінің білім беру саласында қол жеткізген жоғары позицияларын сақтап қалуға, әлі де жаңа белестерді бағындырып,  биіктерден көрінетініне сеніміміз мол.

Page 60 of 60
  • Әбдіжәлел Гүлден
    Мк-305

  • Амангос Мадина
    Мд-315

  • Нұрғалиева Ақбота
    Ктх-205

  • Длимбетова Амина
    Р-405

  • Әшір Ұлжан
    Мк-215

  • Үмбетбаева Жулдыз
    Мд-405

152

ОҚЫТУШЫ

1200

СТУДЕНТ

421

ТҮЛЕК

81

ҮЗДІК ДИПЛОМ

Директор блогы

Құрметті талапкер! Сіз колледж директорына тікелей сұрақ қоя аласыз.

Толығырақ

Кері байланыс.

Ақтөбе қаласы, Есет батыр көшесі, 73-ші үй Телефон номері: +7 /7132/ 56-02-30 E-mail: aktobe_agk@mail.ru

Түлектермен байланыс