Заман талабына ілесіп, педагог кадрларды даярлауда облыс пен республика денгейіндегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі - Ақтөбе гуманитарлық колледжі.
Республикамыздағы бай тарихы мен дәстүрі бар, оқу ағарту саласындағы көрнекті тұлғалар білім алған, іргелі оқу орны Ақтөбе гуманитарлық колледжі 1909 жылы төртжылдық қалалық училище жанынан педкласс болып ашылды. Бір ғасыр бойы әр кезендерде жаңа мамандықтар ашылып, колледждің атауы бірнеше рет өзгеріп отырды, бірақ білім беру процесінің негізгі идеясы барлық уақытта өзгеріссіз қалды.
Тарихи қадамы бір ғасыр, тәжірибеге бай білім шанырағы бірнеше мамандықтар бойынша бәсекеге кабілетті мамандар даярлауда.
Бүгінгі таңда 01120100 «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», 01140100 «Бастауыш білім берудің педагогикасы мен әдістемесі», 01140200 «Музыкалық білім беру», 01140600 «Негізгі орта білім беруде тіл мен әдебиетті оқытудың педагогикасы мен әдістемесі», 02151000 «Халық көркем шығармашылығы (түрлері бойынша)», 03220100 «Кітапхана ісі» мамандықтары бойынша мамандар дайындап отырған білім ордасы мемлекетімізбен бірге жетіліп, өркендеп, жылдан-жылға даму үстінде. Бүтіндей бір елдің қаншама бірнеше буын ұрпағын тәрбиелеп шығарған киелі қара шаңырақтың ел тарихындағы алатын орны ерекше.
Ақтөбе гуманитарлық колледжі өзінің білім беру қызметін 2017 жылғы 7 наурыздағы № KZ60LAA00008336 мемлекеттік лицензиясының негізінде, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұйымдастырып жатыр. Ұжымның бірлескен жұмысының нәтижесінде колледж 2019 жылы 6 мамандық және 9 біліктілік бойынша институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден және 2023 жылдың наурыз айында мемлекеттік аттестаттаудан жоғары денгейде сәтті өтті. 2023 жылдың сәуір айында бәсекеге қабілетті маман дайындаудағы нәтижелі еңбегінің арқасында Ақтөбе гуманитарлық колледжі «Жоғарғы колледжі» статусына ие болды.
Институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өткендігі туралы Сертификаттары
Колледжде болашақ маман тәрбиесіне ғұмырын сарпыған, халқының игілігі үшін жанын сала еңбек еткен ұстаздар аз емес. Ұзақ жылдар жемісті қызмет еткен ардагер ұстаздар мен қызметкерлердің еңбектерін мақтанышпен атауға болады. Атап айтсақ, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары педагогика ғылымдарының кандидаты Қаңтарбаев Сембай Ерғалиұлы, «Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі» Ильсия Сабировна Идрисова, Лайық Молдагалиевна Кабылова, Акмарал Маратовна Майлышева, Бибигул Илесовна Екибасова. Олар колледждің оқу бөлімінің басшылығының тізгінін қолына алып, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, жемісті еңбек етті және өз кезенінде колледждегі білім беру денгейін көтеруіне және жоғарғы колледж атануына зор еңбектерін сіңірді. Атап айтсақ, Қаңтарбаев Сембай Ерғалиұлы, 1957-1961 жылдары Ақтөбе педагогика училищесінде «Бастауыш мектеп мұғалімі» деген мамандыққа ие болған түлектердің бірі. Педагогика училищесіне педагогика, психология пәні бойынша 1970 жылы мұғалім болып орналасты. 18 жыл бойы осы білім ордасында жұмыс жасап, мектеп бөлімінің меңгерушісі, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 90-шы жылдарда қазақ тілі мен республикадағы өзге ұлт тілдерін дамытудың 2000-жылдарға дейінгі мемлекттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін , колледжде орыс, қазақ тілін, қазақ мектептерінде шет тілдерді оқыту мақсатында , қосымша мамандықтар ретінде қазақ, ағылшын, неміс тілдері мамандарын даярлау ісі қолға алынды. Бұл жаңа іске қозғаушы болған – директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 90-шы жылдары қызметін атқарған И.С.Ідірісова. 2000 жылдарда Қабылова Лайық Молдағалиқызы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған уақыттында гуманитарлық колледждің дамуына орасан зор үлесін қосты. Осы жылдарда колледжде заман талабына сай жаңа мамандықтар ашылды. Облысымыздың мамандарға деген сұранысына сәйкес 2005 жылдан бастап «Қазақ тілі және әдебиет», «Шетел тілі», «Математика», «Музыка білім беру», «Кітапхана ісі», «Технология», «Есептеу техникасы мен автоматтандырылған жүйелерді бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандықтарға алғашқы талапкерлер қабылдана бастады. Осыған қоса колледжде білім сапасын арттыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. 2010-2012 жылдар аралығында Майлышева Акмарал Маратовна «Сапаны Тәуелсіз Бағалау» сынағын өте жоғары деңгейге көтерді. 2011 жылы колледж түлектері «Облыстың ең үздік колледжі» атағын жеңіп алды және облыс Әкімінің грантын иеленді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда білім деңгейі мен сапасына жаңа талаптар қойылуда. Соңғы жылдары жүргізіліп жатқан білім беру саласындағы реформалар білім беру деңгейі мен сапасына жаңа талаптар қояды және қазақстандық білім беру сапасының әлемдік стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуді талап етеді. 2021 жылдан бастап оқу процесіне академиялық еркіндік енгізіліп, колледж педагогтары жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып, колледждің өз оқу бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік алды.
Оқу бөлімі ЖОББ №20 мектепте оқу жұмыс
жоспарларын талқылау сәті
Қала балабақшаларының әдіскерлерімен кеңесу сәті
Колледж оқытушылары халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі ғылыми конференцияларға, түрлі конкурстарға, пәндік және педагогикалық олимпиадаларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.
Жыл сайын колледждің білім алушылар контингенті де артуда. Бұл - оқу орнының өз қызметін жүзеге асырудағы маңызды көрсеткіші болып табылады.
Колледж ұжымы заманауи үдерістерге үн қосып, республика деңгейіндегі жобаларды оқу процесіне енгізу арқылы болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін қамтамасыз етіп, рухани-адамгершілік құндылықтар аясында тәрбиелеуге ерекше назар аударады. Бүгінгі күні мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген кемел мінезді, ойы, сөзі және ісі бірлікте болатын маман дайындау – колледжідің басты ұстанымы.