Дөңгелек үстелге Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі және кеш модераторы Барбосынов Нұрбақыт Құсайынұлы, философия ғылымдарының докторы, профессор ҚР ӘҒА-ның академигі, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің профессоры - Тайжанов Алтай Тайжанұлы, «Қоғамдық келісім» КММ маманы - Сапаров Түлкібай Тынышұлы қатысты.
Н.Барбосынов «Қазақтану» жобасының жалпы бағытын түсіндіріп, Тайжанов Алтай Тайжанұлы «Қазақтану-жаһандану жағдайындағы ұлттық бірегейлікті сақтаудың негізі» тақырыбында баяндама оқыды. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» екенін айтып, әрқашан бірлікпен, ынтымақпен алға жылжу керек екенін жеткізді. Мемлекет басшысының 5 қазанда жарияланған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауының әр бөлігіне жеке тоқталып, ой-тұжырымымен бөлісті.
Сапаров Түлкібай Тынышұлы «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасының мақсаты мен міндеттері жайлы тереңірек жас буынға түсіндіріп, мән-мағынасын айтып өтті. Бұл жобаның басты мақсаты - жастарға қамқорлық көрсету, қоғамдағы орнын табуға жәрдемдесу. Қазіргі таңда қазақ елінің алдында тұрған мәселе – мәңгілік ел моделін кұру, ұлттық кодты сақтау, жастарымыздың бойына ұлттық-рухани мәдениетті ендіру екенін баса назар аудара отырып жеткізді.
Мәнді де мағыналы кеш соңында студенттер қойған сұрақтарына жауап алып, ағалардың ақылын тыңдап, үлкен әсермен тарады.