«Ұлағатты еңбек - адамды ертеңгі күннің бағытына, болашаққа бағыттайтын еңбек»- деп, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің айтқан ұлағатты сөзі ұстаз еңбегінің ерекшелігін, маңыздылығын көрсетеді. Парасатты мінезімен, аналық жүрегімен, ұрпақтарын игілікке, салауатқа, адамгершілікке, үлкен білім жолына тәрбиелеп, өз ісінің адал иегері бола білген ұстаз, педагог-зерттеуші - Аббасова Лариса Касеновна. Өнегелі өмірін, ғибратты ғұмырын білім беру саласына арнап, Ақтөбе гуманитарлық колледжінде 35 жылға жуық қызмет етеді.
Ол 1964 жылы 8 сәуірде Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Оқытушы 1979-1983 жылдар аралығында Ақтөбе музыка училищесін, 1987-1993 жылдар аралығында Атырау педагогикалық институтының музыка факультетін тәмамдап, өз еңбек жолын 1982 жылы Ақтөбе қаласы №1 балалар музыкалық мектебінде бастап және 1985 жылдан осы күнге дейін Ақтөбе гуманитарлық колледжінде музыка оқытушысы қызметін атқарып келеді. Оқу орнында бірнеше жыл әдіскер қызметін де абыроймен атқара білген білікті маман.
Оқытушы облыстық эксперимент алаңының мүшесі, ақпараттық, мәдени, ғылыми жобалармен айналысуда, бірнеше оқу-әдістемелік құралдар мен электронды ортаның авторы. Өзінің кәсіби жеткен жетістіктерін кейінгі әріптестеріне үйретіп, іс-тәжірибесін таратуда талмай еңбек етіп келеді. Лариса Касеновна жетекшілік еткен топ студенттері Халықаралық және Республикалық байқау-фестивалінде жүлделі орындарға иеленді. Еңбегі бағаланып, облыстық білім басқармасы «Құрмет грамотасы», облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы «Алғыс хат», «Құрмет грамотасы», Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Отбасында екі ұл, бір қыз өсіріп, немерелерін тәрбиелеп отырған сүйікті жар, асыл ана, ақ әже, қадірлі ұстаз.
#қажырлыеңбек
#выдающийсяуспех