Жамекова Бибигуль Мустафиевна 1965 жылы 30 қазанда Ақтөбе облысы Қобда ауданы Алия ауылында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар: бастауыш білім беру педагогикасы және методикасы, қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі.
«Ақтөбе гуманитарлық колледжі» МКҚК-ында директордың оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің «Педагог-шебер» біліктілік санатындағы оқытушы. Білім беру жүйесінде 40 жылға жуық еңбек өтілі бар, соның ішінде техникалық және кәсіптік жүйеде 30 жылға жуық еңбек етеді. «Үздік әдіскер», «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің үздік оқытушысы» атақтарын жеңіп алған, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері.
Өзінің еңбек жолын шағын жинақты мектепте бастап, кейін ШЖМ меңгерушісі қызметін атқарды. Ақтөбе қаласындағы №21 қазақ орта мектебінде мұғалім болды. Ақтөбе педагогикалық училищесінде қазақ тілі мен әдебиеті оқытушысы, әдіскер ретінде өзін көрсете отырып, пәндік цикл жетекшілігінен директордың орынбасарлық деңгейіне көтерілді.
Бибигуль Мустафиевна - заман талабына сай білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді терең түсіне білетін, кәсіби білігі жоғары педагог және шебер ұйымдастырушы. Өзінің педагогикалық қызметі жылдарында үнемі кәсіби білігін озық педагогикалық іс-тәжірибелерді зерделеу арқылы арттырып отырады, курстардан өтуге айрықша мән береді.
2020 жылдан бастап «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінің жаңартылған білім беру мазмұнына орай «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ –ның ПШО аймақтық тренері. Педагог-кәсіби қызметін өз бетімен ұйымдастырудың жетілген дағдылары мен ауқымды мәдениеті дамыған, сонымен қатар білім алушыларының кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру бағытында жаңашыл, тиімді әрі белсенді әдіс-тәсілдерді қолдануды жетік меңгерген маман. Өз пәні бойынша «НЗМ» ДББҰ –н бірлесіп, «Сауат ашу және қазақ тілін оқыту әдістемесі» пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасын жасақтап, апробациядан өтті. ҚР БжҒМ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынған оқу құралдарының авторы: 1. Қазіргі қазақ тілі және қазақ тілін оқыту әдістемесі; 2. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын білім беру саласына интеграциялау оқулықтары қазақ, орыс тілдерінде жарық көріп, «TALAP» сайтына орналастырылған.
Оқытушы-әдіскер ретінде Республикалық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің сыныптауышқа өзгеріс енгізу, модульдік-құзыреттілік тәсілдеме, қолданбалы бакалавр сияқты өзекті мәселелерін т.б шешуге өз үлесін қосып, жоғары белсенділік танытып келеді.
Б.М.Жамекова ұжым оқытушыларының біліктілігін арттыру, түрлі деңгейдегі кәсіби байқаулар мен пәндік олимпиадаларға қатысуларына, жалпы кәсіби өсулеріне айрықша мән береді. Нәтижесінде колледж оқытушылары жоғары кәсіби біліктерін көрсетіп, Халықаралық, Республикалық және облыстық байқаулардың жеңімпаздары.
Маман даярлау ісінде жаңалықтарды тереңірек меңгерту мақсатында «Шағын жинақты мектептерде біріктірілген кластарды оқыту» эксперименттік алаңы, Республикалық «Өзін-өзі тану рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын оқу-тәрбие үрдісіне енгізу» негізгі білім беру ұйымы ретіндегі жұмыстарға жетекшілік етіп, нәтижелі жұмыстар атқарып келеді.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі студенттерінің ғылыми ізденушілік деңгейлерін көтеру мақсатында облыстық, Республикалық және Халықаралық деңгейде конференцияларының ұйымдастырушысы.
Республикалық оқу-әдістемелік орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс жасап, колледжі оқытушыларының жаңартылған білім беру, балдық-рейтингтік бағалау, мектептегі критериалды бағалау, пәндерді оқыту әдістемелеріне қатысты т.б. өзекті мәселелерді шешу бағытында семинар, вебинар жұмыстарын ұйымдастырып, өтілген іс-шараларда әдістемелік көмек көрсетуде белсенділік танытып жүр.