Кездесуге колледж түлектері Облыстық білім басқармасының басшысы Лаззат Аманжоловна Уразбаева, Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Булбул Ораковна Елеусинова, №2 қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру мекемесінің басшысы Райхан Аманжоловна Ахметова шақырылды.
Іс-шараны Ақтөбе гуманитарлық колледжі директоры Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері Ералы Губаевич Нургалиев ашты.
Қонақтар колледжінің материалдық-техникалық базасын аралап, колледжішілік құрылған ұлт аспаптар оркестрі және хор ұжымының өнерін тамашалады. Сонымен қатар мамандық бойынша бөлімдердің ерекшеліктерімен танысты. Оқу орнындағы педагог маман даярлау ісіне енгізілген жаңалықтарға куә болды.
Колледж ұжымы және білім алушылармен кездесу барысында түлектер өздерінің еңбек жолындағы білім ордасының алатын маңызды орнына айрықша тоқталды. Танымал түлектер өздерінің оқу орны мен білім берген оқытушыларына шынайы ризашылықтарын білдіре отырып, өмір жолы, колледж қабырғасындағы студенттік кезеңдері, еңбектегі жетістіктері туралы ой бөлісті.
Облыстық білім басқармасының басшысы Лаззат Аманжоловна педагогикалық ұжымға арнайы ноутбук сыйға тартып, Құттықтау хат тапсырды.
Шара соңында қонақтар мен колледж оқытушылары іс-шарадан алған әсерлері туралы ой толғап, жылы лебіздерін білдірді.