Мерекелік шараға Ақтөбе облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Жанайдаров Жасұлан Төремұратұлы, «Қазақстандық сапалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің жетекші маманы Серімбетов Айжарық Жайылханұлы және колледж директорлары, оқу орнымыздың оқытушылары мен студенттері қатысты.
Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына үлес қосқан колледж ұстаздары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Құрмет грамотасымен, Ақтөбе облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен және «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Ақтөбе облыстық ұйымының» Құрмет грамотасымен және ақшалай сыйақымен марапатталды.
Ақтөбе гуманитарлық колледжі директоры, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Нұрғалиев Ералы Ғұбайұлы барлық шақырылған қонақтарды және колледж ұжымын тәуелсіздік күнімен құттықтап, білімді ұрпақ даярлау ісінде шығармашылық табыстарға жетіп жүрген ұстаздарды, оқу орнымыздың беделін көтеруге үлес қосқан студенттерді марапаттады.
Тұңғыш рет колледж директоры Ералы Ғұбайұлының бастамасымен ұйымдастырылған байқауда жаңашыл идеясымен дараланған және колледж студенттерінен құралған хор ұжымының кәсіби шеберлігін Халықаралық, Республикалық, облыстық деңгейде таныта білген жетістіктері үшін «Ақтөбе гуманитарлық колледжінің «ЖЫЛ АДАМЫ-2018» Куспанов Мербол Оразбекович атанып, алғыс хат және 50 мың теңге ақшалай сыйақымен марапатталды.
Мерекелік шараның келесі бөлімінде биылғы оқу жылында «Мәдениет және саз» бөлімі ұстаздары мен студенттерінен құрылған колледж оркестрі Картанова Айгүл Әбдіхалыққызының жетекшілігімен халық ән-күйлерін орындады. Сонымен бірге «Ақберен» театрының орындауында әдеби-музыкалық композиция, дәстүрлі әншілер, мың бұралған бишілер, колледж студенттерінен құралған аралас хор өз өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне ие болды.
Ұлттық қасиетіміз бен Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, Ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған Тәуелсіздік күні баршаңызға құтты болсын!